Hacı Ahmet Şimşek
Hacı Ahmet Şimşek Saken Seyfullin

Saken Seyfullin

Сәкен Сейфулин

 

ХХ ғасыр – қазақ тарихында өте күрделі, қазақ халқының басына ауыртпашылығымен бірге жеңісін әкелген сан қырлы тарихи оқиғаларға толы ғасыр.

Мемлекеттің саяси өмірі мен қоғамдық дамуында ерекше орын алатын қашанда ұлттық интеллигенция екені белгілі. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының ерен еңбегі ел мүддесіне бағытталды. Әсіресе, Алаш партиясы, Алаш автономиясы, Алашорда үкіметіне қатысты тарих кеңес дәуірінде жабық тақырыпқа айналып, осы кезеңнің шындықтары айтылмады. Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан бастап өткен тарихтың ақтаңдақ беттері көтеріліп, тарих ұлттық мүдде тұрғысынан жазыла бастағанына бәріміз де куәміз. Алаш қозғалысы жаппай қараланып, оның жетекшілері «буржуазияшыл ұлтшылдар», «халық жаулары» аталып, түрлі мінбелерден тарихи негізі жоқ жалған сөздер айтылып келді.

Азаттықты аңсаған қазақ халқының тарихындағы Алаш қозғалысының орны ерекше екені еш күмән туғызбайды. Тәуелсіздіктің туы жебіреген сәттен бастап Алаш тақырыбы үздіксіз жазылып келеді. Көзқарастар да сан түрлі.

Алаш партиясы мен Алашорда тарихын арнаулы әдебиетте көбінесе «Алаш» немесе «Алашорда қозғалысы тарихы» деп те атайды. «Алаш» немесе «Алашорда қозғалысы» – күрделі ұғым: біріншіден, саяси партия ретіндегі Алаш, екіншіден, мемлекеттік құрылым мағынасындағы Алаш автономиясы, үшіншіден, осы автономияны басқарған Алашорда үкіметі. Осы ұғымдардың жиынтығы «Алашорда қозғалысы» дегенді білдіреді. Бұл ұғымдар 1920-1930 жылдары қалыптасып, қоғамдық санаға ене бастады.

Алаш автономиясы мен Алашорда үкіметінің құрылуы жайлы ой-пікірлер большевиктік баспасөзде 1919-1920 жылдардан бастап жариялана бастады. Солардың арасында Сәкен Сейфуллин де бар. Сәкен – алашордашылар заманында «Манап Шамиль» деген лақап атымен белгілі болған тарихи тұлға. 1917 жылы өткен бірінші жалпықазақ съезіне ұсынылған 81 адамның тізімінде Ақмола облысынан Сәкен Сейфуллин де бар еді.

Алайда соңғы жылдары баспасөз беттерінде Алаш қозғалысы туралы сөз болса, Сәкен Сейфулинді қаралау ниеті жиі байқалып қалады. Осы орайда біз де өз пікірімізді білдіруді жөн көрдік.

Сәкеннің Алаш қозғалысына қатысты көзқарасын айқындауда 1916-1919 жылдардағы тарихи оқиғалар қамтылған, 1927 жылы жарық көрген «Тар жол, тайғақ кешу» роман-эссесінің орны ерекше. С.Сейфуллин Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің іс-әрекеттеріне былайша баға берген: «Октябрь төңкерісінен кейін солшылдар (большевиктер жағындағы топ) біртіндеп бұрынғыдан әрі солшылдана және революцияшылдана бастаса, оңшылдар (Алаш қозғалысына қатысушылар) оңшылдана және реакцияшылдана берді» (1, 118). Бұл пікірінен С.Сейфуллиннің Алаш партиясы мен Алашорда қозғалысын қазақ халқының мақсат-мүдесіне жат құбылыс ретінде көрсеткенін аңғарамыз.

Мәселен, осы тарихи-публицистикалық шығармасының беташарындағы мына пікірі осы сөзімізге дәлел: «Азын-аулақ қазақтан шыққан, ұлы өзгеріске қатысқандардың ұстазы Ресей большевик партиясы болып, революцияның жалпы жауларына қарсы шығысқан да, күрескен дұшпандарының бірі «Алаш» еді... «Алаш» деген, «Алашорда» деген болды. Оның октябрь төңкерісіне қарсылық еткенін жұрт өзі де қазір тегіс көріп отыр» (2, 9-10). Ресей саясатының таптық принципіне сүйенген Сәкен Сейфуллиннің Алаш арыстары жайындағы кейбір пікірлері қазіргі көзқарасқа көп ретте қайшы келетіні рас, бірақ бұл Сәкен қазақ халқының жауы деген пікірді білдірмейді.

Екінші жағынан алып қарасақ, романның жазылуына себеп болған тарихи оқиға – 1916 жылғы 25 маусымдағы патша жарлығының шығуы, яғни 19-45 жас аралығындағы қазақ жастарын қара жұмысқа алу. Бұл оқиғаның ұлт-азаттық қозғалысын туғызғаны тарихтан белгілі. Сәкен романында қазақ халқының басына түскен қиын-қыстау заманды арқау етеді. Алаш қозғалысы жайлы субъективті түрде теріс пікірін айтса да, халықтың жоғын жоқтап отырғанын көру қиын емес. Сәкен романында: «Патшаны қазақ елі «жерімізді алды, өзімізді қорлады, солдат алатын болды, дінімізді жояйын деп жүр...» деп жек көретіндігі айқын еді. Оның үстіне 1916 жыл қазақ жүрегіне қан қатырып, тарқалмас кек болып еді», – деп жазады (2, 54).

1920 жылы «Манап Шамиль» деген бүркеншік атпен жарық көрген «Қазақ интеллигенциясы туралы» мақаласында қазақ зиялылары туралы сөз қозғай келіп, олардың арасында теңдік, азаттық идеяларының тарала бастағанына мән береді. Жас қазақ интеллигенциясының басшылары ретінде Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатовтың есімдерін атайды.

1917 жылғы ақпан көтерілісінен кейін қазақ елінде қазақ жастарының (оқушылар, мұғалімдер) ұйымдары пайда болды. Мысалы, Омбы қаласында құрылған «Демократиялық оқушы жастар кеңесі» мен «Бірлік» ұйымы, Ақмолада құрылған «Жас қазақ» ұйымы. «Жас Қазақ» жастар ұйымының . төрағасы Сәкен Сейфуллин, ал мүшелері Әділұлы, Айбасұлы, Асылбекұлы, Серікбайұлы, Нұркеұлы болды. Бұл ұйым халыққа білім беру, заңды үйрету, сонымен бірге жастарды саяси істерге қатыстыруды мақсат етті. «Жас қазақ» ұйымы өзінің «Тіршілік» атты газетін шығарып тұрды. Газет бай-феодалдарға, уақытша үкіметтің жергілікті органдарына, алашшылдарға қарсы күрес жүргізді.

2007 жылы «Алаш қозғалысы» деген кітапта «Сәкеннің Сталинге хаты» жарияланды. Кітапты оқығанда құлағымыз елең ете қалғаны рас. Ғаламторда Сәкенді Алаш арыстарына қарсы қойып, қаралаған пікірілер да бой көрсете бастады. Әлеуметтік желілер жарыса шулады. Кейін осы мәселені зерттеген іргелі ғалымдарымыз аталмыш хаттың шындыққа жанасымсыз екенін нақты фактілермен дәлелдеп беріп, Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Президенті архивінен табылған «Сәкеннің Сталинге жазған хатында» ешқандай кеңселік тіркеу белгілері қойылмағандығы, машинкамен басылған он беттік фотокөшірме екендігі, әрі Сәкеннің қолы жоқ екендігі анықталған соң ел арасы тынышталған сияқты. Жобасы арнайы дайындалған фальсификация да болуы мүмкін екендігі айтылды. Бұл жайлы Қанат Жүнісовтің Абай.кз сайтында жарық көрген «Сәкеннің Сталинге жазған хаты рас па?» деген мақаласында егжей-тегжейлі жазылған.

Осы ретте белгілі тарихшы Манаш Қозыбаевтың мына пікірін келтіре кетсек, артық болмас: «Тұрар, Сәкен, Бейімбет дүркірей көтерілген қалың халықпен болды, оның трагедиясын көзімен көрді. Олар отаршылыққа қарсы шыққан қалың елмен болды. Ол большевиктік үгіттің нәтижесі емес еді. Ол атадан балаға мұра болған жол еді. Ал Қазан төңкерісінен кейін Ресей қоғамы екіге бөлініп, екі ұдай атысып, шабысып жатқан уақытта әділдік тек ақтар жағында болды деп айту қиын. Егер Анненков келіп, орыс-қазағын қырып, әйелін қорлап, қызын зорлап, малын тартып қанжығалап жатса, ал «Алаш» осы Каледин мен Колчакпен бірлесіп жатса, Колчактың ажал вагонында отырған Сәкен қалай оларды аялауы керек? Ендеше біз өткенді саралағанда диалектикалық өлшеммен қарағанымыз абзал. Сөз жоқ Алаш ұстанған реформалық бағыт стратегиялық жағынан дұрыс. Оны тарих көрсетті. Бірақ сол дәуір оны дәлелдей алмады...» (46, 3).

Большевиктер партиясының барлық халықтарға, езілген ұлттарға өзін-өзі билеу құқығын береміз дегеніне тек Сейфуллиннің емес, сол кезеңде миллиондаған адамның сенгені тарихтан белгілі.

С.Мұқанов «Өмір мектебі» романында да Сәкен Сейфуллин мен Ілияс Жансүгіровтің колхоздастыру кезінде басшылар тарапынан қатаң сынға ұшырағаны айтылады. Бұдан біз екі ақынның да ұжымдастыру мәселесіне іші жыли қоймағанын байқаймыз. Сәкен мен Ілияс үшін ұлттық мүдденің бірінші орында екенін большевиктер де сезбей қалған жоқ. Сондықтан да сынға алып отыр.

Мемлекет және қоғам қайраткері, дауылпаз ақын, жазушы-драматург, публицист, әнші-сазгер, ұлы суреткер С.Сейфуллин 1922-1924 жылдар аралығында Халық комиссарлары кеңесінің (Совнарком) төрағасы (қазіргі Премьер-Министр қызметімен деңгейлес) қызметін атқарып жүргенде кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу туралы декрет шығарды. Бұл – қазақ тілін мемлекеттік тіл деңгейіне көтерумен парапар еңбек. «Еңбекшіл қазақ» газетінде жарияланған «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек» (09.06.1923), «Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізуге кірісу» (25.06.1923), «Қазақстанның губерниялық һәм уездік исполком төрағаларының құлақтарына» (03.08.1923) «Не қылдыңдар?» (15.08.1923), «Қазақстанның орталық кеңес комитетінің ІІІ жалпы жиналысының қорытындысы» (11.09.1923), «Қазақстанның Заң комиссариатына теңеліңдер» (19.09.1923), «Кеңселерде қазақ тілін жүргізу» (22.12.1923) мақалалары осының айғағы.

Мемлекеттің қазақ деген тарихи атаумен аталуына бар күшін салғаны бүгінгі күні көпшілікке аян. Бұрын «Киргизия» деп аталған еді. 1923 жылғы «Қазақты «қазақ» дейік, қатені түзетейік» деген мақаласында былай деп жазды: «Бүгінге шейін қазақты орыстар «киргиз» деп келеді. ...Төрелердің қатындары итіне ұрысқанда: «Ах, ты, Палкан, киргиздан да жамансың!» дейтін болды... Қазақтың бір қылығын жақтырмаса, «белгілі енді, киргиз болған соң қайтуші еді!» дейтін болды... Енді ол күндер өтті. Октябрь төңкерісі қазаққа бұлай қарауды тыйды. Енді қазақ та бір, басқа халық та бір. Біздің әр қазақ жігіті «киргиз» дегенді тастап, қоймастан «қазақ, қазақ» дегенді жұмсап, басқа жұрттың құлағына сіңдіріп үйретуі керек. Қазақстанның орталық үкіметі «киргиз» дегенді қойып, «қазақ» деген есімді қолдануға жарлық (декрет) шығару керек». Сөйтіп қазақтың «қазақ» атауы 1925 жылы советтердің V съезінде түзетілді. Осы мақала Сәкенге пәле болып жабысты. Мәскеу оны «ұлтшыл» деген айыптады. Соған қарамастан, Сәкен лауазымын қазақ мүддесіне пайдаланды.

Сол кезеңде қазақты «киргиз» деп атаудың астарында саяси мән бар екені сөзсіз. Өйткені большевиктердің сан ғасырлық тарихы бар ұлы түркі мемлекеттерінің тарихын білмеуі мүмкін емес. Көне тарихты түгелдей қопармай-ақ, Алтын Орда дәуірін атасақ та, жеткілікті емес пе?!

1921-1922 жылдары Ақмола облысындағы халықты ашаршылықтан аман алып қалды. 1932 жылғы ашаршылық кезеңінде қазақ даласының трагедиясын «Қызыл ат» поэмасына, «Біздің тұрмыс» драмасына арқау етті. Қазақ халқының мүшкіл халін жеткізіп, дабыл қақты. Бұл дегеніңіз бергісі Голощекин, арғысы кеңес үкіметінің жүргізген саясатына қарсы шығу емес пе?!

Қазақтың зиялы ұлдары қай партияның құрамында болмасын халқына, туған жеріне қызмет етті. Сондықтан, Алаш зиялылары мен большевиктерге қызмет еткен тұлғаларды бір-біріне қарама-қарсы қойып, ел ішін ала тайдай бүлдірген дұрыс емес. Мәселен, С.Сейфуллин осы жылдары Алаш партиясының мүшелері А.Байтұрсынов, Бірімжанов, С.Садуақасұлы, Т.Телжановты қызметке тартты. Бұл да көп нәрседен хабар береді.

С.Сейфуллин сонымен бірге «Қазақ әдебиеті» оқулық-хрестоматиясын құрастырып шығарды. Келешек ұрпақтардың қазақ халқының рухани дүниелерінен мақұрым қалмасы үшін қолынан келгенінің бәрін жасады. 1931-1935 жылдары «Ескі әдебиет нұсқалары», «Билер дәуірі әдебиеті», «Батырлар жыры», «Ақан сері өлеңдері» жинақтарын, Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек» дастанын жарыққа шығарды. Театр өнерінің дамуына қосқан үлесі – өз алдына бөлек әңгіме.

Белгілі жазушы Ғ.Мүсіреповтің: «Қазір Сәкен анаған қарсы болды, мынаған қарсы болды» дейді ғой. Бұның көпшілігі Сәкеннің атымен жасалған істер» деген сөзінде үлкен шындық жатыр (5, 61). Кеңес үкіметінің жымысқы саясаты түркі әлемінің ірі тұлғаларын бір-біріне қарсы қойып, арасына іріткі салуды, бірлігіміздің іргесін сөгуді мақсаттады. Сондықтан Сәкеннің есімін де өздерінің лас саясатына пайдаланбағанына кім кепіл?! Негізі Сәкен Сейфуллин Алаш қайраткерлерін «қазақтың оқыған ақ жағалылары» деп бағалаған. Сәкен Алаш қайраткерлеріне қарсы болса, 1923 жылдың бас кезінде Орынбор қаласында Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдығына арналған салтанатты жиынды ұйымдастырып, «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлтын шын сүйетін ұлтшыл» дер ме еді?!

Ахмет Байтұрсынов та 1919 жылы жарық көрген «Революция және қырғыздар» еңбегінде: «Россияның орталық аудандарында большевиктік қозғалыстың қалай өткендігі қазақтарға белгісіз, шет аймақтарда ол барлық жерде зорлау, қиянат жасау және ерекше диктаторлық өкімет билігімен қатар жүргізіледі. Тоқ етерін айтқанда, ол қозғалыс шет аймақтарда революция (әдеттегі түсініктегі) емес, барып тұрған анархия болды ... Егер бұрын патша чиновниктері, аталған адамдар тобы қазақтарды ешбір шектеусіз езіп-жаншыған болса, енді мұндай әрекеттерді большевиктер – коммунистердің атын жамылған адамдар тобы жүргізіп отыр», – деген. Мақалада анық көрсетілген тарихи мәселелерді былай қойғанда, коммунистердің атын жамылған большевиктер тобының қазақ даласын жаулап алу мақсатында зиялыларымыздың арасын ашу үшін небір қулық, айла-тәсілдерді қолдануда алдына жан салмағаны бесенеден белгілі.

«Тар жол, тайғақ кешу» романының арқасында ХХ ғасырдың басындағы көптеген тарихи оқиғалар мен Алаш қозғалысының жетекші қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқайұлы, Мұқаметжан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Әлімхан Ермеков және т.б. туралы мәліметтер осы күнге жетіп отырғанын да ескеруіміз керек. Бұл да – ақынның көркем әдебиетке ғана емес, тарихқа да қосқан үлкен еңбегі. Егер романда жалған нәрсе жазылған болса, сол кезеңнің өзінде сынға ұшырап, көзі тірі тұлғалар онда келтірілген мәліметтерді жоққа шығаратын еді ғой. Алаш арыстарының бірегейі Әлімхан Ермековтің «Сәкенді қызылдар жағында, ал біздерді «орда» жағында болды демесеңдер, Сәкен бізге қарағанда ұлтшыл еді» деп тегін айтпаса керек. Ендеше тарихтан сабақ ала білумен қатар, Сәкен туралы айтылған сөз бен берілген бағаға мән бергеніміз дұрыс.

ХХ ғасырдың басындағы аласапыран заманда қоғамның қандай бағытқа кетіп бара жатқанын дөп басып анықтау күрделі еді. Халықтың, жердің тағдыры үлкен сынның алдында тұрды. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін ұғу халыққа оңай соққан жоқ. С.Сейфуллин бұл кезеңді былай суреттейді: «Елде де, қалада да патша түскен соң топ-топ жиналыс. Гу-гу сөздер. Күн сайын жиналыс, күн сайын митингі. Екі күнде бір комитет сайлау... Жиналыс сайын... сөйлейтін шешендер, «көсемдер» шыққан... патша түскен соң, халыққа саяси ерік тиген соң, бұқара халық не қыларын білмеді... Тәжірибе жоқ, тәртіп жоқ, жоба жоқ... Жұрттың бәрі бостандықты енді өз еркімен, өзінше түсіне бастады. Біреуге біреу басынып, бір лайықсыз іс істесе, «бұл қалай?» десең: – «Е, бұл слаубода (свобода)» дейтін болды. Мұндай жағдай ұзаққа созылған жоқ. Көп кешікпей жер-жерлерде буржуазияшыл уақытша үкіметтің органдары құрыла бастады. Бұлармен қатар ақпан төңкерісінің барысында жұмысшылар мен солдаттар өздерінің тікелей революциялық өкімет органдары болып табылған Советтер жүйесін ұйымдастырды» (6, 54-59). Ендеше күрделі тарихи кезеңді басынан өткерген тұлғалар туралы сыңаржақты пікір айту орынды болмас. Тіпті архивтегі материалдардың өзін үлкен сараптаулардан өткізген дұрыс. Жазылғанның бәрі шындық бола бермеуі мүмкін. Тұлғаларға баға беруде сол дәуірдің биігінен қараған абзал.

Тіпті «Тар жол, тайғақ кешу» романының әр жылдары баспадан шыққандағы мәтіндерінде сәйкессіздіктердің орын алуы – қасақана жасалған әрекеттердің жемісі. 1927 жылы роман Қызылорда қаласында арап әрпімен жеке кітап болып басылып шыққан екен. Кейін әр жылдары (1936, 1960, 1977, 1988, 2009, 2012) қайта басылып шыққан. Астанадағы С.Сейфуллин музейі осы басылымдарды текстологиялық тұрғыдан салыстыра отырып, өзгерістерді айқындаған. Осының өзі авторға жасалған үлкен қиянат екенін көзі қарақты адам түсінеді. Өзгертудің астарында саяси мақсат жатты. Кеңестік идеологияға лайықтап мәтінге өзгерістер енгізілген. Роман түбегейлі текстологиялық өзгеріске ұшырап отырған. Музейдің ғылыми-ағарту бөлімінің меңгерушісі Гүлназия Ибраева «Тар жол, тайғақ кешу» романы не үшін өзгертілді?» атты мақаласында (9): «Алғашқы нұсқасында Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің мүшелеріне қарата сын көп айтылмайды. Ал келесі, 1936 жылғы және одан кейінгі нұсқаларында Алаш қайраткерлеріне қарата айтылған сын молая түседі. Кейбір нұсқаларда тіпті жаңа тарау, тың сөздер кірістіріледі», – депті. Ендеше жазушы шығармасына жасалған осыншама қиянатты көре отырып, ол жайлы сыңаржақты, тек қаралау ниетіндегі пікір айтып, Алаш қайраткерлерінің қас жауы етіп көрсету орынсыз болар. 1927 жылы төте жазумен шыққан «Тар жол тайғақ кешуде» Ә.Бөкейхан, Х.Досмұхамедұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов суреттерінің енгізілгені тегін емес еді.

Ойымызға дәлел ретінде сәкентанушы, профессор Тұрсынбек Кәкішұлының мына пікірін келтіруді жөн көрдік: «...Алаш партиясының азаматтары да, қазақ коммунистері де қазақ халқына қастандық ойлаған жоқ... Бір жағы Алаш партиясын таңдады, бір жағы коммунистік қозғалысқа кетті. Коммунистке барған адамдар – қазақ халқына қиястық жасауға, зорлық жасауға әдейі ниеттенген адамдар емес. Барлық пәле 1925 жылы Қазақстанға келген Голощекиннен басталды. Голощекин қазақ оқығандарын біріне-бірін айдап салды. Соның ішінде ең белсенділері Сәкендер жағы болды».

Саналы ғұмырын халқына, кеңес өкіметіне арнаған Сәкен Сейфуллинді сол қызыл билік, НКВД 1937 жылы 24-қыркүйекте тұтқынға алып, 1938 жылы 25-ақпанды атышулы 58-бап бойынша атып тастады.

Негізі Алаш қозғалысы 1917 жылдың шілдесінен 1920 жылдардың аралығын қамтыды. Бірінші жалпықазақ съезінде Алаш партиясының құрылғандығын жарияланды. Алайда ол бірнеше айлық қысқа ғұмырында шын мәніндегі саяси партия ретінде қалыптасып үлгермеді, нағыз саяси партияға тән Жарғысы да, Бағдарламасы да болған жоқ. Алаш партиясына мүше болғандардың саны туралы нақты мәліметтер жоқ. Мұны Міржақып Дулатов та ОГПУ-дің тергеушісіне берген жауабында растаған екен: «Алаш партиясының жарғысын бекіткен съезд болған емес. Газет арқылы жарияланған жобамен танысқан және оны мақұлдағанның бәрі өзін партияның мүшесімін деп санады... Шын мәнінде нұсқау (директива) беретін қалыптасқан партия болған жоқ. Тек қана Құрылтай депутаттығына кандидаттар осы партияның атынан ұсынылды, бұдан басқа партия тарапынан жасалған әрекет болған емес. Сондықтан да Алаш партиясы көпшілікке кең танылған Алашорданың көлеңкесінде қалды» (7, 125). Мағжан Жұмабаев та тек Алашорда үкіметінің болғанын айтқан екен.

Десек те, Алаш қозғалысы ХХ ғасырдың басында Қазақстанда орын алған қоғамдық-саяси және рухани-мәдени өзгерістердің нәтижесінде, қазақ интеллигенциясының өкілдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқайұлы, Мұхаметжан Тынышбаев, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов, Жаһанша Досмұхамедов, Әлихан Ермеков, Жақып Ақбаев, Халел Ғаббасов, т.б. ондаған қайраткерлердің қажырлы еңбегінің арқасында дүниеге келіп, қазақ зиялыларының саяси ұйымы болды. Халық басына түскен қиын кезеңде Алаш қозғалысы елдің қамын ойлаған саяси күш болды.

«Алаш партиясы» халық санасының қозғаушы күші міндетін заман талабына сай адал атқарды.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. ІІІ том. – Алматы: Атамұра, 2010. – 768 бет.

2.Сейфуллин С. Тар жол, тайғақ кешу. Үшінші рет басылымы. Алматы. 1960. – 456 бет.

3. Нұрпейісов К. Алаш һәм алашорда. –Алматы: «Ататек», 1995. – 256 бет.

4. Қозыбаев М. Ғасыр қасіретін арқалаған арыстар // Егемен Қазақстан, №125. 12.08.1994 ж).

5. Тұғыры биік тұлға. Алматы: «Үш қиян» баспасы, 2002 жыл, 261-бет.

6. Сейфуллин С. Тар жол, тайғақ кешу. Үшінші рет басылымы. Алматы. 1960. – 456 бет.

7. Нұрпейісов К. Алаш hәм Алашорда. – Алматы: Ататек, 1995. – 256 бет.

 

 

 

 

 

Önceki ve Sonraki Yazılar
Hacı Ahmet Şimşek Arşivi