Molla Musa

Hacı Ahmet Şimşek

Молда Мұса

Мұсабек Байзақұлы ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген, əдебиетте көркем мұра қалдырған қазақ халқының мәшһур ақындарының бірі.

Мұсабек Байзақұлы қазіргі Түркістан облысы, Түркістан қаласы маңындағы Шоқтас ауылында 1849-жылы туылған. Мұсабектің арғы аталарының дəулетті адамдар болғаны айтылады.

Өз замандастары Мәделі қожа, Майлы қожа сияқты ақындарды өзіне өнеге тұтып, ақындық жолын қуды. Ол әуелі әкесі ұстаған молдадан хат таниды, кейін өсе келе Қарнақ қыстағындағы молда Қозы деген кісі ашқан дін мектебіне түсіп оқиды.

Мұсабек парсы, араб, түрік және орыс тілдерін жетік меңгергенін төмендегі өлең жолдарынан анық аңғарамыз.

Молданың қазақия алдындаймын,

Көңіліңді өлеңге де қалдырмаймын.

Бірдеймін парсы, түркі, арапшаға,

Тек тұрмай орысша да балдырлаймын, - дейді.

Мұсабек Байзақұлы өмір сүрген кезең - қазақ халқының әлеуметтік саяси, экономикалық және мәдени өмірінде болған тарихи үрдістердің, түбегейлі өзгерістердің, шиеленісе түскен идеологиялық тартыстардың заманы болды.

Молда Мұса - туындыларын ауызша да, жазбаша да таратқан, яғни ертедегі поэзия дәстүрін жазба әдебиетке жалғастыра білген ақындардың бірі.

Молда Мұсаның шығармашылығында маңызды орынға ие ол – мысал өлеңдері.

Мұсабек мысал өлеңдер жазуға машықтанған шебер ақын. Мұсабек ақынның «Тышқан мен түйе», «Жолбарыс пен түлкі», «Қайырымды қыз бен қайыршы», «Семірген есек» т.б. мысалдарында адалдық пен арамдық, əділет пен зұлымдық қатар алынып, бір-біріне қарсы  қойылу арқылы адамгершілік, шынайы əділдік, еңбек мəселесі насихатталады.

Адамның даңқы ақылдылық, кісі көркі кішіпейілдік - дейді ақын.

Сонымен қатар шектен тыс жеңілтектік, ұшқалақтық, отқа түсірер көргенсіз мінезді ақын «Ағаш пен маймыл» атты мысалында біраз сынға алады.

Молда Мұсаның «Семірген есек» атты мысалы осы заманға сәйкес келетін ғибратты шығарма. Жолбарыс терісін жамылған есектен адам да, аң да сескеніп, мұның өзіне оңаша бау-бақты қалдырып кетеді. Бірақ көп ұзамай есектің ескі əдеті есіне келіп, ол қарны тойған соң ақырып жібереді. Ақырсаң, есектігіңді білдіріп аласың деген досы құланның сөзін есінен шығарады. Ақырып қалып, сыры паш болады да, бұрынғы қор күйіне қайта түседі.

Мысал:

Артылса, кей адамның мəртебесі,

Есектей едірейіп шығады есі, - деген жолдармен аяқталады.

Сонымен қатар ол айтыс өнерінің де жүйрігі ретінде бағаланады. Мұсабек ақын негізінде өлеңді ойға құратын, қызыл сөзге көп бармайтын шайыр.

XVIII-ғасырдың аяғымен XIX-ғасырдың басында қазақ  халқының Оңтүстік өңipi  Қоқан хандығының билігінде болғаны белгілі. Қоқан хандығының жергілікті жердегі қойған Мырзаби секілді әкімдері халыққа зорлық-зомбылық көрсетумен қатар, тiптi қыздан да зекет алғанын тарихтан білеміз. Міне осындай зорлық зомбылыққа төзбеген Мұсабек батыр Қоқан ханының әмipi Мырза­бидің шектен шыққан зорлығы мен қиянатын халыққа паш етеді.

Мұсабек батыр елі үшін жанын беруге даяр екенін білдіреді. Елдің жақсылары жасақ жинауға келіседі. Батыр көп жасақтың керек емес екенін ескертіп, өзі қырық жігіт таңдап алып, төрт топқа бөледі.

Таңғы бамдат намазының алдында төрт топ, төрт жерден ұран айтып, жауға тиеді. Төрт батыр Мырзабидің ордасына шабуыл жасайды. Күн шығуға таянғанда Мұсабек батыр Мырзабидің басын кесіп, қара қасқа атты ойнақтатып шыққанын көрген, Мырзабидің  қалған жасақтары батырға бас иеді.

Осылайша Қоқан ханының Қоңырат тайпасына жасаған үстемдігi бip жола құлайды.

Мұсабек батырдың Мырзабиді өлтіргенін көзімен көрген Мәделі мен Майлықожа секілді  ақын-жыраулар өз жырларына оның батырлығын арқау етті.

Мәселен, атақты ақын Майлықожа өзінің «Датқалар туралы» өлеңінде :

Сар даланы шаң қылған,

Қоқаннан олжа мол қылған.

Мырзабиді өлтіріп,

Батырлығын данқ қылған.

Мұсабек батыр Жандардан – деп

 Мұсабектің батырлығын өз жырына арқау eттi.                         

Халық арасында Мұсабек батырдың ерлігі жайында айтылатын әңгіме баршылық.

Халқына танымал болған, артына елеулі әдеби мұра қалдырса да, шығармашылығы аз зерттеліп, өз бағасын ала алмай келе жатқан ақындардың бірі - Мұсабек Байзақұлы деп ойлаймыз.

Қорыта айтқанда Молда Мұса артында қалдырған рухани мұрасымен сол дәуірдегі күллі түркі ақындарының арасында өзіне лайықты орны бар қазақ даласының перзенті екені күмәнсіз.

Ақынның мысалдары ықшам, үйлесімді əрі жатық келеді.

Мұсабек Байзақов халықтың эпостық жырларын да жақсы білді.

Оның əдеби мұрасынан бұқара халықтың мүддесін түсінгенін, замана шындығын жырлағанын байқаймыз.

Ақын өзінің мысалдары мен дастандарында өмірдің түрлі мəселелеріне үкім, ғибрат айтуға ұмтылды.